Артикуляциялық жаттығулар

"Артикуляциялық жаттығулар"
Артикуляциялық жаттығу дегеніміз не? Дұрыс сөйлеу тілін қалыптастыруда алдымен дыбыстарды қоюымыз қажет. Сол себепті дайындық кезеңі ретінде ауыз қуысына жаттығулар жасалып тілді жаттықтырамыз. Ол балалардың дыбыстарды дұрыс айта білуіне көмектесетін жаттығу түрі. Артикуляцияны дұрыс қалыптастыру үшін арнайы жаттығулар қолданылады. Жаттығулар қойылатын дыбысқа байланысты жүйеленеді және ерін, тіл қимылдарының қалпын дағдыландыруға бағытталады. Балаларды қызықтыру үшін және жаттығуды ойларына сақтап қалу үшін әр жаттығу әр түрлі атпен аталады. Артикуляциялық жаттығулар. Тіл дыбыстарын жасауда дыбыстау мүшелерінің қызметін артикуляция деп атайды. Біздің міндетімізге дикция ақауларын түзету емес, дыбыстардың анық, дұрыс айтылуын қадағалау жатады. Демек, артикуляциялық жаттығуларды қолдану баланың дыбыстау (сөйлеу) мүшелерінің қызметі арқылы дыбыс шығару дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұл жаттығуларды орындағанда әр бала өзінің сөйлеу мүшесінің жұмысын бақылай алуы үшін міндетті түрде айнаны қолданады. Гигиеналық талаптарға сай, кезекті жаттығуларды орындаған соң қолданатын, балаларда қол орамал болуы тиіс.
Артикуляциялық жаттығуларды өткізуге арналған нұсқау:
1. Педагог жұмысты төмендегідей ұйымдастырады:
- ойын тәсілдерін қолдана отырып, алдағы орындалатын жаттығу туралы әңгімелейді;
- оның орындалу ретін көрсетеді;
- жаттығуды барлық балалар орындайды;
- педагог жаттығудың дұрыс орындалуын тексереді (жаттығуды отырып орындайды).
Балаға жаттығуды дұрыс орындамағанын айтудың қажеті жоқ, оған қалай дұрыс жасау керектігін көрсетіп, жетістігін айтып, көтермелеу қажет.
2. Күн сайын 2-3 жаттығуды 3-5 минуттан өткізу қажет.
3. Жеңілден күрделіге қарай жүргізіледі.
4. Ойын түрінде ұйымдастырылады.
Ең алдымен тіл бұлшықеттеріне, кейін ерінге арналған жаттығулар жүргізіледі. Артикуляциялық жаттығулардың басым бөлігі тіл бұлшықетін созуға есептелген, өйткені баланың дикциясының анықтығы тіл ұзындығымен байланысты.
Аталған жаттығулар сөздің дыбыстық құрамын анықтауға және анық айтуға көмектеседі, ұйқас пен ырғақ сезімін дамытады, анық дикцияны қалыптастырады, сөздің, сөйлемнің түрлі интонациялық сипаттамасын беру ептілігін жетілдіреді. Осы күрделі тілдік дағдыларды қалыптастыру үшін фонетикалық жаттығуларды жүйелі өткізу қажет.
№1 «Күрекше».
Тіл босаңсытылады, жалпақ күйге енгізіледі де, төменгі ерін үстіне қойылады. Осы қалыпта бірнеше секунд ұстап тұру керек.
«Ер - ер – ер»
Қасиетті жер.
Төгілді көп тер.
Жемістерді тер.
Аға соңынан ер.
Сұрағанын бер.
№ 2 «Чашечка» «Шәшке».
Ауыз кең ашылады, жалпақ қалыптағы тіл жоғары көтеріледі де, шәшке формасы беріледі. Тілдің шеттері тіске тимейді.
Нек – нек –нек
Шай қайнайтын шәйнек
Се – се – се-
Шай ішетін кесе
№ 3 «Иголочка» «Инеше»
«Инеше» - ауызды кең ашып тілді алға қарай жіңішкертіп шығарып 10 - 15 секунд ұстап тұру керек.
«Ақ - ақ – ақ»
Астында болсын тақ!
Алла болсын жақ!
Басыңа қонсын бақ!
Атам маған жақ.
№4 «Горка» «Төбешік»
«Төбешік» – ауызыңды жартылай ашып, тілдің екі жақ шетін жоғары азу тістерге жапсырып, тілдің ұшын астыңғы тіске тіреп ұстау.
«Аз - аз – аз»
Құдықты қаз.
Қаңқылдайды қаз.
Келіп қалды жаз.
Болып қапты жаз.
Атаңа хат жаз.
№5 «Трубочка» «Түтікше».
Тіл ауыздан шығарылады да, түтікше түріне енгізіледі. Жаттығуларды алдымен жайлап, айна алдында жасалады, сонан соң біртіндеп жоғарырақ ырғаққа көшу керек. Әрбір жаттығу 10 секундтан 6 - 8 рет орындалады.
Ыс – ыс – ыс,
Келіп жетті қыс.
Ар – ар – ар,
Жауады қар.
№ 6 «Часы» «Сағат»
«Сағат» – тілді жіңішкертіп ұстап оңға, солға жайлап қозғау керек. Осылай санап отырып 15 - 20 рет қайталау керек.
Ран – ран – ран,
Соғады боран.
На – на – на,
Зулайды шана.
№ 7 «Дәмді тосап»
Мақсаты: жалпақ тілдің ұшының жоғары көтеруін және тілді кесе (ожау) тәрізді қалыпта ұстауын үйрету.
Қысқаша сипаттамасы: Жалпақ тілмен жоғары ерінді жалап, ауыз қуысына кіргізу.
Әдістемелік нұсқау. 1. Жаттығуда орындаған кезде тек тіл жұмыс істеуін, иектің қимылдамауын қадағалау кере. 2. Тіл жалпақ болып бүйірлер ауыз бұрыштарына тиіп тұруы керек. 3. Тіл оңға - солға емес, тек төмен және жоғары қозғалу керек. 4. Егер бала жаттығуды жасай алмай жатса, «пя - пя - пя» жаттығуына оралу қажет. Бала тілін жалпақ қалпына келтірген сон шпательмен тілді жоғары ерінің үстіне қайыру керек.
№ 8 «Ат шауып келеді»
«Ат шауып келеді» – ауызды кең ашып тілді таңдайға жапсыру – айыру немесе таңдай қағу. Аталған жаттығулардан тек әр дыбысқа керекті жаттығулар алынады
Ғай – ғай – ғай,
Жарқылдайды найзағай.
Шек – шек – шек,
Шығады бәйшешек.
№ 9 «Грибок» «Саңырауқұлақ»
«Саңырауқұлақ» - ауызды кең ашып, тілді таңдайға жапсыра ұстап тұрып төменгі жақты басып ауызды кең ашып ұстау.
Аз – аз – аз,
Жайдары жаз.
Үн – үн – үн
Ыстық күн.
№ 10« Гармошка»
Ауызды ашып, гармошканың жұмыс жасау қалпын көрсету. Қайталап ауызды қатты ашып, тілді жоғарғы қалыпта ұстау керек.
Яқ – яқ – яқ,
Жүреміз жалаң аяқ.
Иын – иын – иын,
Болады көп ойын.